Абай облысында патрульдік полиция қызметкерлері Алматы – Өскемен тасжолында жүк көлігінен шыққан ірі өртті сөндіруге атсалысып, оның әрі қарай таралуына жол бермеді.
Оқиға автожолдың 660-шақырымында болды. Патруль кезінде Абай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының инспекторлары Нұржан Мырзабаев пен Ералы Айткен жол жиегінде жанып жатқан Volvo жүк көлігін көріп, дереу әрекет жасады. Тіркемені толық шарпып жатқан жалын қою түтінге айналып, ондаған метр биіктікке көтерілген.
Полицейлер жолдың бір бөлігін жауып, басқа көліктердің қозғалысын шектеді және жүргізушіге алғашқы көмек көрсетті. Олар тіркемедегі жүктің бір бөлігін сақтап қалуға және өрттің күшеюіне жол бермеуге тырысты, бірақ тіркемеде тез тұтанатын пластик заттар болғандықтан жалын күшейе түсті.
Полицейлер дереу өрт сөндіру қызметіне хабарлады. Мамандар келгенге дейін олар өз күштерімен өртті тежеуге тырысты. Қатты жел жағдайды қиындатып, жалын күшейе түсті. Шолпан ауылынан арнайы техникамен келген еріктілер полицейлермен бірігіп, өртті сөндіру жұмыстарын жүргізді.
Шамамен 45 минуттан кейін техникадағы су таусылып, еріктілер су алу үшін ауылға қайтты. Сол аралықта полицейлер қауіпті аймақта қалып, өрттің таралуына жол бермей, сөндіруді жалғастырды. Кейін Үржар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына жетіп, өртті толықтай оқшаулады және сөндірді.
Өкінішке қарай, тіркемедегі пластик бұйымдар толық жанып кетті. Алайда полицейлер мен еріктілердің жылдам әрекетінің арқасында өрт басқа көліктерге тараған жоқ, ауыр зардаптар болмады.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жүк көлігінің жүргізушісі — Беларусь азаматы полиция қызметкерлерінен көмек алып, тамақпен және уақытша тұратын орынмен қамтамасыз етілді.

