Жаңалықтар

«Әбден басынып, сталкер болған»: Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы қыздың ағасы жағдайға қатысты пікірін білдірді

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың ағасы желіде жағдайға қатысты үн қатты. Оның айтуынша, күдікті сталкер болған, деп жазады qandastar.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Марқұм қыздың ағасы Сұлтан Серікбай мән-жайды Threads желісіндегі парақшасында жазды.

Шынымызды айтсақ қан жылап отырмыз. Әр жаңалықты оқып отырамыз. Қолдау көрсетіп отырған жандарға рақмет айтамыз. Қазір қолымыздан сол (“адамға” деген сөзді айтуға қимай отырмын) ең жоғары жазаны беру ғана келеді. Қысқаша айтқанда қарындасым ең ақылды, сабырлы, тұйық, жуас қыз болғандықтан барынша басынған. “Жоқ” деген сөзді түсінбеген. Сталкер болған, – деп жазды ол.

Сондай-ақ марқұмның ағасы көпшіліктен қолдау білдіруді сұрады.

Бұл оқиғаны бүкіл жерге таратып, қолдауларыңызды сұраймыз (әділ шешім шығаруға). Қазір бізге артық сөз сөйлеуге, жазуға болмайды. Өйткені кейін арғы жақтың адвокаттары тырнақ астынан кір іздейді. “Сот процесі” әділ өтеді деген сенім бар. Бәрімізге сабыр мен жүрек тыныштығын берсін, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Марқұм – студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Біз бұған дейін 21 жастағы қызды пышақтап өлтірді деген күдікпен оның танысы ұсталғаны туралы жазған болатынбыз.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button