ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Әбілқасымова кепілсіз несие алатын азаматтардың саны азайғанын айтты

Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсуі 2023 жылғы 27,1%-дан биылғы жылдың алғашқы он айында 13,2%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы «Қарызсыз қоғам» жобасының есебін талқылау кезінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің  төрайымы Мадина Әбілқасымова  мәлімдеді, деп жазады Qandastar.kz

Осы нәтижеге агенттік қабылдаған бірқатар шаралар арқылы қол жеткізілді. Қазіргі заң бойынша банктер мен МҚҰ-ларға азаматтардың қарызын коллекторларға өткізуге мораторий 2026 жылғы 1 мамырға дейін енгізілген. Сонымен қатар мерзімі өткен 30 күннен асқан қарыздары бар азаматтарға кредит беру шектелді, тұтынушылық кредиттердің максималды сомасы мен мерзімі белгіленді, кепілсіз кредиттердің ең ұзақ мерзімі 5 жылға дейін шектелді.

«Қабылданған шаралар банктердегі кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсуін 2023 жылғы 27,1%-дан 2024 жылғы 29,3%-дан 2025 жылдың 10 айында 13,2%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті М. Әбілқасымова.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтардың мерзімі өткен қарыздарын реттеу — басты бағыттардың бірі. Биыл 703 мың қарыз алушының 754 млрд теңге көлеміндегі қарызы реттелді. 89 мың қарыз алушының қарызы толық, 470 мың қарыз алушының қарызы жартылай өтеулі.

Сонымен қатар, 2026 жылға арналған жаңа жол картасы әзірленді, қаржылық мәдениетті арттыру, азаматтардың табысын көбейту және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағыттары көзделген. Жаңа заңға сәйкес банктерде мінез-құлықтық бақылау енгізіліп, қаржы омбудсманы арқылы азаматтардың арыздары бір орталықтан қаралатын болады.

Ал ұзақ мерзімді қарызы бар азаматтар үшін бірнеше кредитор арасында біріктірілген реттеу механизмі енгізіледі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button