Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Адам ағзаларын «қара нарықта» сатып, 5 жыл жасырынған әйел елге қайтарылды

Украина азаматшасы адам ағзаларын сатқаны үшін іздеуде жүрген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Бас прокуратура мен Интерполдың Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің көмегімен күдіктіні Польшадан экстрадициялады.

Күдікті 2017-2018 жылдар аралығында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, адам ағзаларын заңсыз сатып алу-сатумен айналысқан.

«Оның рөлі донорлар мен реципиенттер іздеу және олардың арасындағы кездесулерді ұйымдастыру, органдарды сатып алу-сату мен трансплантациялау операцияларын құпия ұстау және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз ету болды.

Жалпы алғанда, қылмыстық топ мүшелері Қазақстан аумағында және басқа елдерде тірі адамдардың органдарымен 56 заңсыз мәміле жасап, яғни Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында сатып алу-сату және кейіннен трансплантациялауды ұйымдастырған», — делінген мәлімдемеде.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, 5 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.

Наурыз айында ол Польша шекарасын кесіп өтпек болған кезде ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетері, бұған дейін бұл қылмыстық ұйымның 2 мүшесі Түркия мен Ресейден қайтарылған болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button