
«Әділет» партиясы Құрылтайдың бірінші шақырылымына баратын депутаттардың тізімін бекітті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Астанада Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен партия Саяси кеңесі Бюросының отырысында белгілі болды.
Бюро бір палаталы парламенттегі депутаттық мандатқа ие болған 110 кандидаттың тізімін мақұлдады. Тиісті шешім мен партиялық тізім депутаттарды ресми тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды.

Партия ұсынған депутаттардың 37-сі – әйелдер, бұл жалпы құрамның 33,6 пайызын құрайды. Сонымен қатар 13 депутат – жас, екі депутат – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар. Құрамда өзге ұлт өкілдерінің саны 21 адамға жетеді. Депутаттардың орташа жасы – 46,7 жас.
Жаңа парламентке «Әділет» партиясы атынан саяси тәжірибесі бар бірқатар азамат та барады. Олардың арасында Ұлттық Құрылтайдың бұрынғы 13 мүшесі, Мәжілістің 20 экс-депутаты және Сенаттың төрт бұрынғы депутаты бар. Жалпы 24 кандидаттың Парламентте жұмыс тәжірибесі болған.
Сондай-ақ тізімге Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрт мүшесі және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бес мүшесі енген. Бұдан бөлек, 26 кандидат мәслихат депутаты болған.
Партия тізімінде түрлі саланың мамандары да бар. Атап айтқанда, төрт IT маманы, үш эколог және екі волонтерлік қозғалыс өкілі депутаттық мандатқа ие болды.
Сайлау қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс жинап, 145 депутаттық мандаттың 110-ын иеленді. Партияны 6,5 миллионнан астам сайлаушы қолдаған.
Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, сайлау нәтижесі азаматтардың партияға және елдегі реформалар бағытына сенім білдіргенін көрсетеді.
Ендігі міндет – осы сенімді нақты жұмыс пен нәтижеге айналдыру. Бюро отырысында сондай-ақ «Әділет» партиясының Құрылтайдағы депутаттық фракциясы туралы ереже бекітілді.



