Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы студент Нұрай Серікбай жайлы теріс пікір қалдырған желі қолданушысының үстінен арыз түсті.
Бұл туралы марқұмның отбасылық адвокаты Аянхан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Руслан Өтепбайдың YouTube арнасында жарияланған «ШЫМКЕНТТІК НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ ҚАЗАСЫ» атты бейнематериалдың астында «Maxset Minbaev» аккаунты марқұм Нұрай Серікбайдың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, әдепсіз және қорлайтын пікірлер жариялаған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы (Қорлау) белгілерімен арыз берілді.
Пікір мәтіндеріне кешенді сот-психологиялық-филологиялық сараптама тағайындау сұралды.
Нұрайдың ар-намысы мен қадір-қасиеті заңмен қорғалады!» — деп жазды ол.
Еске сала кетейік, қаңтардың 11-і күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің жанынан жас қыздың мәйіті табылған болатын.
Алдын ала деректерге сәйкес, марқұмның денесінен пышақ жарақаттары анықталған.
Арада екі күн өткен соң, яғни 13 қаңтарда күдіктінің қала маңынан ұсталғаны белгілі болды. Құқық қорғау органдары оны сот санкциясымен қамауға алу туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
Оқиғадан кейін Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ведомстволық қызметтік тексеру жүргізілгенін мәлімдеді. Тексеру нәтижесінде Шымкент полиция департаментінің басшылығына қатысты тәртіптік жаза қолданылған.
Сонымен қатар, 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қазасынан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірнеше қызметкер қызметінен босатылғаны белгілі болды.



