
Фото: пресс-служба
«Air Astana» әуе компаниясының директорлар кеңесі компанияның бас директоры Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айында өз қызметінен және директорлар кеңесінің құрамынан кететінін хабарлады, деп жазды qandastar.kz
Питер Фостер 2005 жылдан бері «Air Astana»-ны басқаруда. Оның басшылығымен компания Қазақстанның және Орталық Азияның ең ірі әуе тасымалдаушыларының біріне айналды.
2026 жылдың наурызынан кейін Питер Фостер компаниядан толық кетпей, аға кеңесші ретінде жұмысын жалғастырады.
Оның орнына жаңа бас директор ретінде қазіргі қаржы директоры Ибрахим Жанлыел тағайындалмақ. Ибрахим 2003 жылдан бері компанияда еңбек етіп, 2017 жылдан бері қаржы бөлімін басқарып келеді.
Питер Фостер 1960 жылы Англияда дүниеге келген. Кембридж университетін бітірген соң, Франциядағы INSEAD бизнес мектебінде менеджмент саласында білім алған. Ол еңбек жолын 1982 жылы бастап, 1999 жылға дейін Cathay Pacific Airways компаниясында Гонконг, Азия, Австралия және Еуропада менеджерлік қызмет атқарған.
1999-2002 жылдары Philippine Airlines компаниясының қайта құрылу тобына жетекшілік еткен, ал 2002-2005 жылдары Royal Brunei Airlines-тың бас атқарушы директоры болған.