Журналист Михаил Козачков Air Astana әуе компаниясына қатысты резонансты істің жаңа мән-жайлары туралы Facebook парақшасында жазды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
Оның мәліметінше, қазір сотталып жатқан FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулхановтың қорғаушылары Air Astana басшылығы тарапынан қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану болғанын алға тартып отыр. Атап айтқанда, қорғау тарапы компанияның топ-менеджерлерінің туыстарына, сондай-ақ шенеуніктер мен журналистерге жеңілдетілген әрі тапшы әуе билеттері сатылғанын мәлімдеген.
Козачковтың жазуынша, 2024 жылдың соңында Air Astana кассасынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы жетіспейтіні анықталып, аудиторлық тексерістен кейін әуе компаниясы құқық қорғау органдарына жүгінген. Тергеу нәтижесінде FlyArystan-ның үш қызметкері – табысты есепке алу менеджері Еркін Исанов, сату менеджері Дәуір Еркенұлы және маршруттық желіні жоспарлау және табысты басқару департаментінің директоры Ренат Абулханов қамауға алынған.
Іс сотқа жолданып, тергеу аяқталған. Алайда жуырда Абулхановтың атынан әлеуметтік желілерде ашық үндеу жарияланып, онда жеңілдетілген билеттер «жоғарыдан берілген нұсқаулармен» сатылғаны айтылған.
Қорғаушылар өз уәждерін растау үшін бірқатар хат алмасулардың скриншоттарын жариялаған. Олардың арасында Air Astana компаниясының бірінші басшысы Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостермен болған делінетін жазбалар да бар. Бұл хабарламаларға сенсек, авиакомпания қызметкерлері нақты адамдар үшін ең арзан билеттердің сатылымын арнайы уақытта ашқан. Соның салдарынан қарапайым жолаушылар билетсіз қалуы мүмкін болған.
Журналист атап өткендей, Ренат Абулхановтың кінәсі бар-жоғын сот анықтайды. Алайда егер жарияланған хат алмасулар шынайы болса, онда бұл жағдай компания басшылығы тарапынан өкілеттікті асыра пайдалану белгілерін көрсетуі мүмкін. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 250-бабына сәйкес бағалануы ықтимал.
Осыған байланысты Михаил Козачков Бас көлік прокуратурасы бұл мәліметтерге құқықтық баға беруі тиіс деп санайды. Оның пікірінше, Абулхановтың айтқандары шындық болуы да мүмкін.



