Белгілі кәсіпкер, BI Group холдингінің негізін қалаушы әрі иесі Айдын Рақымбаев ұлын әскерге жіберді. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады qandastar.kz.
Жарияланған суретте Рақымбаевтың әскери ант қабылдаған кенже ұлы бейнеленген. Кәсіпкер жазбасында бұл оқиғаны отбасы үшін маңызды әрі салтанатты сәт деп атады.
«Қазақ еліне +1 сарбаз! Кенже ұлым кеше әскери ант қабылдады. Ол десанттық-шабуылдау бригадасына түсті. Енді Отан алдындағы борышын өтеп, еліміздің, демек, отбасымыздың қорғаушысы атанды», — деді ол.
Айдын Рақымбаевтың айтуынша, ұлы бұған дейін King’s College London университетіне IT мамандығы бойынша түскен. Алайда, әке мен бала арасында келісім болған: егер оқуында қиындық туындаса, Рақымбаев араласпай, ұлы әскерге баратынын өзі шешеді.
«Ол ер азаматқа тән шешім қабылдап, қызметке кетті. Бұл — шыңдалып, күшеюдің жолы. Барлық сарбаздарға сәттілік, ата-аналарға сабыр тілеймін», — деп жазды кәсіпкер.
Рақымбаевтың жары мен қызы ұлдарының ант қабылдау рәсіміне қатысқан. Кәсіпкер ұлының әскерден кейін оқуын жалғастыратынын атап өтті.

