Жаңалықтар

«Әйелін қызғаныштан өлтіруі мүмкін»: Айзат Жұманованың туыстары жаңа деректерді жариялады

Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот процесі жүріп жатыр.
27 қарашада өткен алдын-ала тыңдалымда тергеу материалдары жарияланып, оның күйеуі Жанболат Айбар әйелін қызғаныштан азаптап өлтірді деген айып тағылды, деп жазады qandastar.kz.

Марқұмның отбасының адвокаты Гүлсана Келмешева істің бастапқыда Қылмыстық кодекстің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкеп соқтыру») бойынша саралануы дұрыс болмағанын айтты. Жәбірленуші тарап Алматыда тәуелсіз мамандардың қатысуымен кешенді сараптама жүргізуге қол жеткізген. Жаңа сараптама жарақаттардың ауырлығын дәлелдеп, іс ҚК-нің 99-бабы («Қасақана кісі өлтіру») бойынша қайта сараланды. Сонымен қатар денеге эксгумация жасалған.

Туыстарының айтуынша, Айзат 33 жасқа толуына бір ай қалғанда қаза тапқан. Артында екі жасар қызы қалды. Ал айыпталушы –1992 жылғы.

Марқұмның тәтесі Раушан Дәуренбекова оқиғаның мас күйде жасалғанын айтып, қызғанышқа байланысты деген айыптауға күмән келтіреді.

«Егер әр ер адам қызғаныштан әйелін өлтіре берсе, Қазақстанда әйел қалмас еді. Қазір бәрінің қолында телефон бар – құрбыларымен, туыстарымен сөйлеседі. Бұл табиғи нәрсе», – дейді ол.

Айзат ауылда тұрғандықтан, қызғанышқа себеп болмағанын да атап өтті.

«Онда сөйлесетін адам да жоқ. Үлкен қала болса бір жөн. Ал ауылда қызғану деген мүлдем қисынсыз», – деді ол.

Марқұм өмірінде шағымданбағанымен, құрбыларына күйеуінің қол көтеретінін айтқан көрінеді. Раушанның сөзінше, қайғылы жағдай екі жасар баласының көз алдында болған.

Қайғылы оқиға үш-төрт отбасы ғана тұратын шағын ауылда тіркелген. Туыстары Айзаттың жүкті болуы мүмкін екенін де айтты.

«Ол 22-сі күні қаза болды. 17-сінде құрбысына қоңырау шалып, жақсы жаңалығы барын айтқан. Әйел адам қандай жақсы жаңалық айтады? Сірә, жүкті болған. Бірақ мерзімі ерте болған сияқты», – дейді жақындары.

Айзаттың қызын уақытша тәтесі Салтанат Жұманова қамқорлығына алған. Оның айтуынша, бала қатты қорқып қалған: күнде жылайды, қатты дыбыстан селт етіп шошиды.

«Қазір онымен психолог жұмыс істеп жатыр, жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Бұл бала – ата-анасына тірек. Әйтпесе олар мұндай қасіретті көтере алмас еді. Үш қыздары бар, енді қолдарындағы жалғыз жұбаныш – осы бала», – дейді Раушан.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button