Жаңалықтар

Айгүл Орынбек: Шымкенттегі заңсыздық үшін тек полиция емес, прокурор да жауап беруі тиіс

Заңгер Айгүл Орынбек facebook парақшасында Шымкент қаласында полиция департаменті басшыларының бірінен кейін бірі қызметтен кетуіне қатысты пікір білдіріп, мәселенің түп-төркіні тереңде жатқанын айтты. Оның сөзінше, қалада жауапкершілік тек полиция басшыларына ғана жүктеліп, заңдылықты қадағалауға тікелей міндетті орган — прокуратура назардан тыс қалып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады. 

«Қазақстанда заңдылықтың сақталуын қадағалайтын негізгі орган — Прокуратура. Шымкентте прокуратураның келісімінсіз бірде-бір қылмыстық істің тіркелмейтіні ашық шындық. Сонда полиция қашаннан бері өз бетінше шешім қабылдайтын орган емес, тек тапсырма орындаушы құралға айналды?», — деді заңгер.

Айгүл Орынбектің айтуынша, Шымкентте қылмыстық істердің таңдамалы түрде, яғни «заказбен» қозғалатыны туралы қоғамда қалыптасқан күдік — жай әңгіме емес, бұл жүйелі проблеманың айқын белгісі.

Сондай-ақ ол өзінің жеке құқығының өрескел түрде бұзылып жатқанын айтып, жылдар бойы тиісті органдарға жүгінгенін, алайда осы уақытқа дейін заң бұзушылықтарға процессуалдық баға берілмегенін, прокурорлық қадағалау шаралары қабылданбағанын және кінәлі лауазымды тұлғалар жауапқа тартылмағанын атап өтті.

«Бұл — кездейсоқтық емес, бұл — саналы әрекетсіздік. Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың көп жылғы үнсіздігі азаматтардың конституциялық құқықтарының жүйелі түрде бұзылуына жол беріп отыр. Мұндай жағдайда прокурор заңның қорғаушысы емес, заңсыздықтың тасасында қалған тұлға ретінде бағалануы тиіс», — деді ол.

Заңгердің пікірінше, тек орындаушы полиция қызметкерлерін жауапқа тартып, ал заңдылықты қадағалауға міндетті прокурорды жауапсыз қалдыру — құқықтық мемлекеттің қағидаттарын ашық түрде аяққа таптау.

Осыған байланысты Айгүл Орынбек Мемлекет басшысына үндеу жасап, тек полиция басшыларын ғана емес, заңды қадағалау міндетін тиісінше орындамаған, азаматтардың құқықтарының тапталуына жол берген Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановты да жауапкершілікке тарту қажет екенін айтты.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button