Жаңалықтар
Аймағамбетов айтқанын орындады: Реабилитациялық орталықтардың қызмет тарифі ұлғайды
Фото: ашық дереккөз
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік парақшасында әлеуметтік орталықтың мәселесін көтерді, деп хабарлады Qandastar.kz.
Депутат көктемде Ұлттық балаларды оңалту орталығына барып, балаларға сапалы реабилитациялық көмек көрсету үшін қаржыландырудың жетіспеушілігі үлкен мәселе екенін анықтағанын жазған.
Орталық дәрігерлері және мамандарымен кездесуде олардың күнделікті жұмыста қандай қиындықтарға тап болатынын егжей-тегжейлі талқылағанын атап өтті.
– Олардың айтқандарының ішінде ең өзектісі – балаларды толықтай қамту үшін қажетті қаржылық және материалдық ресурстардың жеткіліксіздігі еді. Осы сапардан кейін біз бұл мәселеге ерекше назар аударып, Денсаулық сақтау министрлігінің алдына қойдық. Медициналық қызметтерге бөлінетін бюджеттік тарифтерді көтерудің аса маңызды екені айдан анық болды. Нәтижесінде, біздің табандылығымыз бен Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жемісті жұмысымыздың арқасында бұл мәселе шешімін тапты. Айтылды-орындалды. 1 қазаннан бастап, реабилитациялық орталықтар үшін қызметтер тарифі 12%-ға ұлғайды, – деп жазды депутат.
Бұл шешім балалардың оңалту қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, сапаны жақсартуға мүмкіндік береді. Енді Ұлттық орталық пен басқа да реабилитациялық мекемелер қосымша қаржыландыруға ие болып, көбірек баланы емдеуге жағдай жасамақ. Ал медициналық қызметкерлер өз міндеттерін тиімдірек атқара алады.
Жағдай қалай өзгереді? Тарифтердің ұлғаюы және қосымша қаржыландыру арқасында орталықтар алдағы айларда көбірек пациенттерді қабылдап, кезектерді қысқарта алады. Сондай-ақ, реабилитациялық қызметтердің сапасы да жақсарады. Бұл шаралар балаларға қажетті көмек көрсетудің қолжетімділігін арттырып, олардың денсаулығын нығайтуға оң ықпал етеді.
– Біз балалардың реабилитациясына қатысты әлі де көптеген мәселелер бар екенін білеміз, сондықтан бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз, – деп түйіндеді А.Аймағамбетов.