
Әлеуметтік желі белсендісі Талғат Бұхарбаев ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов жерленген орынның жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол зират аумағын қоршау қажеттігін айтып, жазбасын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.
Белсендінің айтуынша, Түркістанға қайтып келе жатқан жолда ол ақынның басына арнайы барып, зират аумағының қазіргі көрінісіне назар аударған.
«Кеше кешқұрым Түркістанға қайтып келе жатып, ақын Мұхтар Шаханұлы жатқан зиратқа соққан едік. Енді батып бара жатқан күнге бір мұнарасы шағылысқан зиратта Көпен Әмірбек ағамыз жатыр екен. Жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын. Ұлы ақынның басына қырқында тас қойылады дейді. Тезірек қоршап қоймаса, айналасы тапталып бара жатқандай көрінді. Зәулім үй тұрғызбаса да, сол жағын ескерсе екен…», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары бұл пікірге байланысты түрлі көзқарас білдірді. Бірі уақытша белгі қойылғанын айтса, енді бірі зираттағы жазудың дұрыстап рәсімделмегеніне назар аударған.
Пікір қалдырушылардың кейбірі: «Уақытша ғой, артында ұл-қыздары болса, кейін басына тас қояды ғой», «Уақытша болса да белгі тақтайшаны дұрыстап жазып қойғанда болатын еді», «Қырқында көктас қойылады» деп жазған.



