Жаңалықтар
Айыппұлдан түрмеге дейін: қазақстандық жүргізушілер нені білуі тиіс
Қазақстан заңнамасына сәйкес, жол ережесін бұзған жүргізушілер қандай да бір әкімшілік жазаға тартылады. Көлік айдау құқығынан айырылып қалуы да ғажап емес. Абайсызда жол апатына себепші болғандардың жазасы, тіптен, ауыр
Жылдамдықты асыру
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы 1-тармағына сәйкес, белгіленген жылдамдықты сағатына 10-нан -20 шақырымға дейін арттырғаны үшін 5 АЕК, яғни 12 625 теңге айыппұл салынады.
- сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін – 10 АЕК немесе 25 250 теңге;
- сағатына 40 шақырымнан астам шамаға арттыру – 20 АЕК немесе 50 500 теңге.
Әкімшілік жазадан кейін осы әрекеттер бiр жыл iшiнде тағы қайталанса, онда 30 АЕК – 75 750 теңге айыппұл салынады.
Қауіпсіздік белдігін тақпау
Кодекстің 593-бабына сәйкес, қауіпсіздік белдігін тақпағандар 5 АЕК, яғни 12 625 теңге айыппұл төлейді.
Егер бір жыл ішінде дәл осы ережені қайта бұзса, 10 АЕК – 25 250 теңге айыппұл қарастырылған.
Бағдаршамның қызыл түсін елемеу
599-баптың 1-тармағына сәйкес, бағдаршамның қызыл түсін елемей немесе реттеушінің «тоқта» деген қимылына қарамай жүріп өтетіндер 10 АЕК – 25 250 теңге айыппұл арқалайды.
Егер осы әрекет бір жыл ішінде қайталанса, онда айыппұл сомасы артады. Жүргізуші 15 АЕК немесе 37 875 теңге төлеуге міндеттеледі.
Маневр жасау ережелерін бұзу
Кодекстің 595-бабында маневр қағидаларын бұзатын жүргізушілерге әкімшілік жаза қарастырылған.
Егер жүргізуші жүру, бағытын өзгерту, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдында сигнал бермесе, онда 5 АЕК – 12 625 теңге айыппұл төлейді.
Маневр жасауға тыйым салынған жерде артқа жүру 10 АЕК немесе 25 250 теңге айыппұл салуға әкеп соғады.
Бір жыл ішінде тағы қайталанса – 20 АЕК = 50 500 теңге.
Көлікті тоқтату немесе тұраққа қою
- Көліктің аялдауы немесе тоқтап тұруы ережелерін бұзу – 5 АЕК = 12 625 теңге;
- көлікті тротуарға, гүлзар, балалар немесе спорт алаңдарында тұраққа қою – 10 АЕК = 25 250 теңге;
- жол қозғалысына кедергі келтіріп, көлікті жолдың жүретін бөлігіне қою – 10 АЕК = 25 250 теңге;
- мүгедектерге арналған тұраққа тоқтау – 10 АЕК = 25 250 теңге;
- ақылы автотұраққа қойғаны үшін ақы төлеуден жалтару – 3 АЕК = 7 575 теңге, егер бір жыл ішінде қайталап жасаса, 5 АЕК = 12 625 теңге.
Телефонмен сөйлесу
Кодекстің 591-бабы 1-тармағына сәйкес, көлік айдау кезінде телефон немесе радиостанция пайдаланған жүргізуші 5 АЕК = 12 625 теңге айыппұл арқалайды. Заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК = 25 250 теңге төлейді.
Ескерту: телефонды не радиостанцияны құлаққап киіп немесе қатты дауысқа қойып пайдалануға рұқсат етіледі.
Жол апатына түсіп қалсаңыз
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабына сәйкес, егер жүргізуші басқа көлікке, жүкке, жолға, жолдағы құрылыстарға немесе басқа да мүлікке зиян келтірсе, 20 АЕК = 50 500 теңге айыппұл төлейді. Немесе 6 ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылады.
Егер жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiрсе, 40 АЕК = 101 000 теңге айыппұл төлеуге міндетті. Немесе 9 айға дейінгі мерзімге көлік айдау құқығынан айырылады.
Жол апатына кінәлі адам бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылса, онда 60 АЕК = 151 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті.
Жүргізуші өзі жол апатына себепкер болып, оқиға орнынан ізін суытса, онда 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Егер жүргізуші бұған дейін куәлігінен айырылса, онда 100 АЕК = 252 500 теңге төлейді немесе 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Ескерту: егер жүргізуші зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнынан кетіп қалса, жауапкершіліктен босатылады.
Қылмыстық жауапкершілік
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-тармағына сәйкес, егер жүргізуші абайсызда адамның денсаулығына «ауырлығы орташа» зиян келтірсе, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айырыла отырып, 160 АЕК = 404 000 теңге айыппұл төлейді. Не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.
Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiрсе, белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырыла отырып, 2000 АЕК = 5 050 000 теңге айыппұл салынады, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады. Не болмаса, 2 жылға дейін бас бостандығы шектеледі, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Егер жол апаты абайсызда адам өліміне әкеп соқса, кінәлі адам белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға айырылып, бес жылға дейінгі мерзімге сотталады.
Жүргізуші абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне себепкер болса, белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiн айырыла отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/