Жаңалықтар

«Ақау емес, табиғи құбылыс»: LRT рельстерін неліктен тат басқаны түсіндірілді

Фото: instagram.com/cts_kz

City Transportation Systems компаниясы өкілдері жаңа төселген LRT рельсін неге тот басып кеткенін түсіндірді, деп жазды qandastar.kz

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компания мәліметінше, құрылыс барысында құрамында темір мөлшері жоғары көміртекті немесе төмен легирленген болаттан жасалған рельстер қолданылған.

«Темір ылғал мен ауа әсерінен тотығады, соның салдарынан бетінде тат пайда болады.

Тұрмыстық немесе автокөлікке арналған металл бұйымдардан айырмашылығы – рельстерге бояу немесе лак жағылмайды. Бұл техникалық талаптарға байланысты: бояу қозғалыс жүктемесінің әсерінен тез өшіріліп қалады, сондай-ақ дөңгелектердің ілінісіне кедергі келтіруі мүмкін және дәнекерлеу жұмыстарына кері әсерін тигізеді», – делінген компания хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, беткі тат рельстің беріктігіне және пайдалану сапасына әсер етпейтін көрінеді. Пойыздар жүре бастаған соң дөңгелектер қозғалыс кезінде рельс бетін өздігінен тазартады екен.

«Барлық рельс жаңа және арнайы LRT жобасы үшін 2025 жылы шығарылған. Жаңа рельстерде таттың пайда болуы – ақау емес, табиғи құбылыс. Бұл – рельс болатына тән стандартты ерекшелік, ол инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен беріктігіне әсер етпейді», – делінген түсіндірмеде.

Компания өкілдері рельс төсеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жолдың үстіңгі құрылысы 2025 жылғы тамыз айының соңында аяқталмақ. 10 шілдедегі жағдай бойынша, жалпы ұзындығы 22,4 шақырым болатын жолдың үстіңгі бөлігінің 18 шақырымы төселген.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада LRT-ның алғашқы вагондары рельске қойылғанын жазған едік. Вагондар станцияда 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған сынақтық іске қосуға дейін тұрады.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close