Бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Әділбек Сәрсәмбаевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Kozachkow Offside Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
47 жастағы шенеунікке қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша (ҚК 361-бап) күдік тағылған. Сәрсәмбаевқа қатысты сұрақтар құқық қорғау органдары тарапынан басқа да ірі іс аясында туындаған. Ол әскери техниканы сатып алуға қатысты.
Жазда Астанада «ҚазСпецЭкспорт» РМК бұрынғы басшысы Арман Рамазановқа қатысты үкім шыққан болатын. Ол пара алу және заңсыз кәсіпкерлікті қолдағаны үшін 11 жылға сотталған. Сол іс бойынша басқа тұлғалар да жауапқа тартылған, мысалы, «KAZYTEC» ЖШС басшысы Азамат Шамерденов Рамазановқа пара берген және алаяқтық жасады деп айыпты танылды.
Істің мәнін тарқатсақ, «ҚазСпецЭкспорт» жауынгерлік ұшақтарға қосалқы бөлшектер сатып алуы тиіс болған, бірақ тапсырыс кейін «KAZYTEC» ЖШС-ке берілген.
Ал бұл компанияның мұндай жеткізілімдерге қатысуға құқығы мүлде жоқ. Нәтижесінде пара беру және алаяқтық әрекеттері жасалған. Мемлекетке тек осы әрекеттен 600 миллион теңге шығын келтірілген, ал ұшақтар бөлшексіз қалған.
«Құқық қорғау органдарының болжамынша, «KAZYTEC» ЖШС бұл келісімге Сәрсәмбаевтың қолқасымен барған. Сол себепті бұрынғы вице-министр қызмет өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша күдікті танылып отыр. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі қамау шарасы қолданылды», — делінген ақпаратта.
Егер 361-бап бойынша заңсыздық дәлелденсе, Сәрсембаев 7 жылға темір торға тоғытылады.
Еске сала кетейік, 2009 жылы Әділбектің әкесі Зейнулла Сәрсембаев та ұқсас іс бойынша жауапқа тартылған. Оған экологияны қорғау вице-министрі қызметін атқарған тұста бюджеттің 522,6 миллион теңгесін жымқырды деген айып тағылды.



