Жаңалықтар
«Әкемнің кім екенін білесің бе?»: Желіде Алматыда болған қыз бен жігіттің арасындағы жанжалдың видеосы тарады
Әлеуметтік желіде Алматыда қыз бен жігіттің арасындағы жанжал түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға түнде жол ортасында болған. Видеодан қыздың жылап, өзін видеоға түсірлген жігітке айқайлап жатқанын көруге болады. Видеода қыз өзінің Қарасай ауданы басшысының қызы екенін айтады.
Алматы полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Алмалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері құқық бұзушыларға заңнамаға сәйкес шара қолданды. Олардың үстінен қоғамдық орынға мас күйінде шығып, тыныштықты бұзу фактілері бойынша әкімшілік іс материалдары жиналды», – делінген хабарламада.
Видеоға қатысты Қарасай аудандық әкімдігі де мәлімдеме жасады.
“Қарасай ауданының әкімдігі мас күйдегі азаматшаның қатысуымен түсірілген видеода тараған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады. Тексеру азаматшаның Қарасай ауданының басшыларымен туыстық байланысының жоқтығын растады. Оның мәлімдемелері жалған және шындыққа жанаспайды. Құқық қорғау органдары азаматшаны жала жабу, ар-намыс пен абыройға нұқсан келтіргені үшін жауапкершілікке тарту мәселесін шешуде”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Алматыдағы қыздар арасындағы төбелестің видеосы тараған еді.