Жамбыл облысының соты Жуалы ауданында болған әкесін өлтіру дерегі бойынша істі қарап, айыпталушыға қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға өткен жылдың тамыз айында Бауыржан Момышұлы ауылында болған.
Сол күні үйде әкесі мен баласы ғана болған.
Әкесі ұлын Тараз қаласындағы психиатриялық ауруханаға қайтадан емделуге жіберу ниеті барын айтқан. Жас жігіт бұған дейін психиатриялық есепте тұрған және екінші топтағы мүгедектігі болған.
Әңгіме барысында олардың арасында жанжал туындаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ұлы ашу үстінде ас үйдегі пышақты алып, әкесіне бірнеше рет соққы жасаған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Кейін айыпталушы мәйітті ауладағы жазғы асханаға апарып қойған.
Кешке жігіттің әпкесі келіп, үйден қанға ұқсас іздерді байқап, әкесі жайлы сұраған. Алайда жауап алмаған. Келесі күні жас жігіт оған әкесін өлтіргенін мойындаған.
Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері ер адамның мәйітін жазғы асханада қабырғаға сүйелген күйде тапқан. Сот-медициналық сараптама марқұмның өліміне кеуде тұсы мен ішкі ағзаларға тиген пышақ жарақаттары салдарынан болған көп қан жоғалту себеп болғанын көрсетті.
Сонымен қатар, іс барысында жүргізілген психиатриялық сараптама айыпталушының ауыр психикалық дертке шалдыққанын анықтады.
Мамандар оның миының органикалық зақымдануы және параноидтық шизофрения белгілері бар екенін, қылмыс жасаған сәтте өз әрекетінің мәнін түсіне алмағанын мәлімдеді.
Сот осы қорытындыларды ескере отырып, ер адамның қылмыс жасағанымен, есі дұрыс емес күйде болғанын анықтады. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, күшейтілген бақылаудағы мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емделуге жіберілді.



