Журналист Оңғар Қабден қазіргі ауылшаруашылығына бөлінетін мемлекеттік қаржының тиімділігіне қатысты өз ойын білдіріп, саланы түбегейлі реформалау қажет екенін айтты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
Оның пікірінше, қаражаттың «Самұрық-Қазына» арқылы өтіп, одан әрі «Атамекен», «ҚазАгрохолдинг», «ҚазАгрофинанс» сияқты бірқатар қаржы құрылымдарына бөлінетін көпсатылы жүйесі ауылға жететін нақты қолдауды әлсіретіп отыр.
Оңғар Қабденнің айтуынша, мемлекеттен шыққан 1 миллиард теңгенің шаруаларға жеткенше «1 миллион теңгедей ғана әсер беретіні», ал 2 пайыздық мемлекеттік несие делдал компаниялардың үстеме пайыздарынан соң 25 пайыздық мөлшерлемеге дейін өсіп кететіні – жүйенің тиімсіздігін көрсетеді.
«Қойшы көп болса, қой арам өледі. Қаптаған «дочерний» компаниялар, делдал құрылымдар ауылшаруашылығына бөлінген нақты қолдауды жұтып қояды», – деді журналист facebook парақшасында.
Журналист КСРО кезеңіндегі тәжірибені мысалға келтіріп, әр аудан орталығында жеке ауылшаруашылық банкін құруды ұсынады. Оның айтуынша, бұл қаражаттың бір ғана орталықтан бақылауына мүмкіндік беріп, ашықтықты күшейтер еді.
«Егер қаржы тікелей ауылдарға жетсе, шаруалар құжаттық қиындықтарға да тап болмас еді. Ауыл шаруашылығы әлдеқайда жылдам көтерілер еді», – дейді ол.
Сонымен қатар Қабден ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия бөлу тетігін түбегейлі өзгерту қажет екенін айтады.
«Әкім мен әкімдіктегілердің таныстарынан аспайтын, «өз адамдарыа» ғана берілетін субсидия жүйесін түбегейлі жою керек», – деп түйіндеді журналист.



