Қазақстандықтар Акмальдің өтпей қалған концерті үшін ақша қайтара алмай жүр, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі NewTimes порталына сілтеп.
Костанайда 25 қазанда Жастар сарайында өтуі тиіс ресейлік әнші Акмалдің концерті соңғы сәтте тоқтатылғанымен, ұйымдастырушылар әлі күнге дейін билеттердің толық құнын қайтармаған. Олар Instagram парақшасында форс-мажорға байланысты кешірім сұрап, қаражатты 17 қарашадан бастап қайтара бастайтынын мәлімдеген, алайда бұл процесс әлі толық аяқталмаған.
«Хабарлаймыз: 2025 жылдың 17 қарашасынан бастап сатып алушылардың картасына билет құнының 25%-ы қайтарылады. Қалған сома орындаушыдан қаражат түскеніне қарай кезең-кезеңімен өтеледі», — делінген ресми хабарламада.
Әлеуметтік желіде костанайлықтар мұны мүмкін алаяқтық деп атап, ұйымдастырушылар уәделерін орындамағанын жаза бастады. Олар бұған дейін қаражат 30 күн ішінде толықтай картаға қайтарылады деп айтқанын еске салады. Вика есімді қала тұрғыны Threads-та арнайы жазба жариялады.
«Бұл сұмдыққа қалайша үнсіз қаламыз? Акмалдің концерті өтпей қалды, ақша автоматты түрде 30 күн ішінде қайтарылады деді. Ал бүгін міне (1 скрин) басқа ақпарат. Кеше ғана 100% соманы қайтарамыз деп уәде берген (2 скрин) постты өшіріп тастады. Бұл жай 10 мың теңге емес. Қызмет көрсетілмесе, толық сома қайтарылуы тиіс. Не істейміз? Қайда шағымданамыз?» – деп жазды ол.
Пікірлерде қазақстандықтар Викторияны қолдап, өздері де ақша ала алмай жүргенін айтты. Кейбірі жоғары органдарға ұжымдық арыз жолдауды ұсынды. Басқа қалалардан жазғандарда керісінше — концерт тоқтаған соң қаражат бірден түскенін жеткізген.
«Иә, сұмдық! Менің билетіім 36 750 теңге болды, маған да дәл сондай жауап келді. Демек, бұл «ұйымдастырушыларға» шағым жазу керек»;
«31 500-ге билет алдық, кейін 1 500 — сервис жиыны, қайтарылмайды деді. Жарайды. Бірақ 30 000-ды қайтара ма, әлде тағы күтеміз бе? Қызмет көрсетілмесе, неге біз төлеуіміз керек?»;
«Біз де аң-таңбыз: басқа қаладан келдік, концерт жоқ, енді ақша қашан қайтарылады белгісіз»;
«Мені де «лақтырып» кетті. 25% ғана қайтарамыз деген хат келді. Билетті 26 000-ға алғанмын, 6 500 теңге ғана 30 күннен кейін түседі екен. Почтаға жазсам — тек Instagram-дағы хабарламаны сылтау етеді».
Редакция Акмалдің Костанайдағы концертін ұйымдастырғандардың бірі — билеттерді төлеу осы тұлға арқылы өткен Ольга Горбиковаға хабарласа алды. Ол қаражаттың басым бөлігін қайтардық деп мәлімдеді.
«Қайтарымдар дерлік толық жүргізілді, тек картасын ауыстырған адамдарға қатысты техникалық қиындықтар қалды. Қазір бәрі банк пен Robokassa жұмысына байланысты», — деді ол.
Еске салайық, Қазақстанда Акмал даулы жағдайға тап болған еді. Петропавлдағы концертте ол көрерменден келген көк-сары түсті пакеттегі ішімдікті алып, «Бұл түстер маған ұнамайды, пакетті өртеп жіберіңдер» деген. Бұл сөздер украин туының түстеріне меңзегенімен, дәл сондай палитра Қазақстан туында да бар. Осыдан кейін елде оның концерттері жаппай тоқтатылды, жұрт әлеуметтік желілерде оны сынға алды.
