
Фото: Полиция
Ақмола облысының полицейлері 2002 жылы жасалған қатыгез кісі өлімін заманауи зерттеу әдістерінің көмегімен ашты, деп хабарлайды qandastar.kz.
Тергеу дерегінше, 1973 жылы туған Ақкөл қаласының тұрғыны 2002 жылдың 4 қазанында кешкі уақытта белгісіз адаммен кездесіп, сол түні үйіне қайта оралмаған. Ертеңінде әйелдің денесі қаланың стадион маңындағы дәретханадан табылған. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері мен ауыр жарақаттар болған.
Сол кезде күдіктінің биологиялық ізі алынғанымен, ол жылдары технологиялық мүмкіндіктер шектеулі болғандықтан, нақты тұлғаны анықтау мүмкін болмаған. Іс онжылдықтар бойы ашылмай келген.
Кейінірек, заманауи молекулалық-генетикалық зерттеу тәсілдері іске қосылып, қылмыскердің ДНҚ-профилі анықталды.
2025 жылдың 2 қазанында ІІМ Криминалдық полиция департаменті мен облыстық прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция жүргізіліп, Ақкөлдің 60 жастағы тұрғыны күдікпен ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Полиция өкілдері мұндай көп жыл бұрын жасалған ауыр қылмыстарды ашу жұмыстары әлі де жалғаса беретінін мәлімдеді.