Ақмола облысында Біржан сал ауданы Кеңащы ауылында жоғалып кеткен Айжалғас Қайруллиновты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы aqmolapress-ке сілтеме жасап.
Ер адамның анасы аудандық полиция бөліміне ұлының жоғалып кеткені туралы өтінішпен жүгінген. Әйелдің айтуынша, 31 жастағы ер адам кешке үйінен шығып, оралмаған. Содан бері оның қайда екені белгісіз, іздеу жұмыстары шамамен екі жарым ай бойы жүргізіліп жатыр.
Хабарлама алғаннан кейін аудандық полиция қызметкерлері лезде жедел-іздестіру және іздеу жұмыстарын бастады. Іздеуге облыстық полиция департаменті, жергілікті төтенше жағдайлар бөлімі, еріктілер ұйымдары, туыстары және ауыл тұрғындары қатысты.
Іздеу жұмыстарымен қатар тергеу операциялары да жүргізілді.
Жоғалып кетуге қатысты әртүрлі нұсқалар, соның ішінде үшінші тұлғалардың қатысуы мүмкін екендігі зерттелді.
Тергеушілер Қайруллинов жоғалған күні оны көрген адамдарды, сондай-ақ оның жақын айналасындағы адамдарды анықтап, сұрастырды. Жоғалған адамның туыстарының мәлімдемелері мен ықтимал байланыстары мұқият қаралды.
Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жалғасуда. Айжалғас Қайруллиновтың суреті басқа аймақтардағы полиция бөлімдеріне жіберілді және еріктілердің көмегімен әлеуметтік желілер арқылы таратылды.
Құқық қорғау органдары халықтан жоғалған адамды табуға көмектесетін кез келген ақпаратты беруді сұрайды.



