Жаңалықтар

Ақмолада туризм саласында бизнесті қолдау бойынша мембағдарлама сәтті жүзеге асырылуда

 

Өңірдегі туризм саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін мемлекеттік субсидия есебінен жабуда. Соңғы екі жыл ішінде осы бағыттағы 17 кәсіпкер жалпы сомасы 119,7 миллион теңге құрайтын мемлекеттік қолдау шараларына ие болды.

Екі жыл ішінде жалпы сомасы 82,5 млн теңгеге «Volkswagen Crafter» шағын автобусы және «Yutong» автобусын сатып алсақ, оның 25 пайызы субсидия есебінен өтелді. Бұл біз үшін үлкен қолдау», – дейді жеке кәсіпкер Көгершін Бексұлтанова.

Сонымен бірге, «Forest Camp» отелі және «Discovery Borovoe» демалыс орталығы да мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр.

Бурабай ауданындағы «Орленок» ЖШС-нің басшылығы «Discovery Borovoe» сауықтыру және ойын-сауық орталығында хоккей корты мен бассейні бар жазғы террассаны салу кезінде шығындардың бір бөлігін өтеуге өтініш берген.

«Нысанның құрылысына 165,4 млн теңге қаржы жұмсасақ, оның 16,5 млн теңгеден астамы субсидия ретінде өтелді», – дейді «Орленок» ЖШС-гі директорының орынбасары, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Павел Безвербный.

Оның айтуынша, туризм – бұл өңір экономикасының қарқынды дамып келе жатқан маңызды бір саласы. Щучье-Бурабай курорты еліміздегі туристік әлеуеті зор аймақ саналады. Қатаркөл кентіндегі «Discovery Borovoe» сауықтыру және ойын-сауық орталығында отбасылық демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Осылайша, мемлекеттік қолдаудың арқасында орталық туристер мен демалушыларға көрсетілетін қызмет түрлерін айтарлықтай кеңейтуде. Оған қоса, орталықтың жұмысын 150-ге жуық адам қамтамасыз етеді, олардың көпшілігі басқа өңірлерден келгендер.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close