ДенсаулықЖаңалықтар

Ақордада дәрігерлерге құрмет көрсетілді: Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады

Ақордада Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының мамандары қатысты.

Іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақ халаттыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің еңбегі ел үшін аса маңызды екенін атап өтті.

«Халқымыз ежелден «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Ұлттың саулығы – мемлекеттің ең қымбат капиталы. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесін дамыту біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі болып қала береді. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері күн сайын мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығы үшін күресіп келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жанкештілікті талап ететін қызмет. Мемлекет осы салада адал еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбегін жоғары бағалайды», – деді Президент.

Тоқаев соңғы жылдары медицина саласында қол жеткізілген нақты нәтижелерге де тоқталды.

«Бүгінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Ана өлімі соңғы үш жылда 35 пайызға төмендесе, сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Мұндай нәтижелер дәрігерлердің кәсібилігі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың жемісі», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Президент денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасатынын айтты.

«Соңғы жеті жыл ішінде елімізде 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді. Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесі жаңартылып, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияда денсаулық сақтау мәселесіне ерекше мән берілген. Оның сөзінше, азаматтардың денсаулығын қорғау тек дәрігерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың халық денсаулығын сақтаудағы еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button