Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Ақордаға түскен өтініштер 30 пайызға артқан

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті байланыс орнатуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оның сөзінше, азаматтардың өтініштері мен шағымдарына дер кезінде жауап беру – мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі.

Президенттің мәліметінше, соңғы уақытта орталық органдарға өңірлерден жолданатын арыз-шағымдар саны айтарлықтай көбейген. Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.

Мемлекет басшысы бұл мәселелердің басым бөлігі жергілікті деңгейде қаралып, шешілуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерде қарапайым сұрақтарға нақты жауап ала алмаған азаматтар амалсыздан орталыққа жүгінуге мәжбүр болады.

Сондай-ақ Президент мәслихат депутаттарының рөліне ерекше тоқталды. Олар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың мәселелерін шешуге ықпал етуі керек.

Өткен жылы облыстық деңгейдегі атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданған. Президент мұндай жұмыста ең бастысы – сан емес, сапа екенін айтып, мәслихаттар бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануы тиіс екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы аймақтардың дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы және халықтың билікке деген сенімі жергілікті билік өкілдерінің жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button