АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) Конго Демократиялық Республикасында жұмыс істеген АҚШ азаматының Эбола вирусының Бундибугё штаммын жұқтырғанын растады. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
CNN мәліметінше, науқас гуманитарлық ұйымда қызмет атқарған. Қазіргі уақытта агенттік жергілікті билік, халықаралық ұйымдар және серіктестермен бірлесіп инфекцияның әрі қарай таралуына жол бермеу және науқаспен байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Науқастың жеке деректері жарияланған жоқ.
Конго Демократиялық Республикасының ресми ақпаратына сәйкес, елде Эбола вирусын жұқтырғандар саны 1 830 адамға жетіп, 648 адам көз жұмған.
CDC АҚШ аумағында Эбола деректері тіркелмегенін атап өтті. Ведомствоның бағалауынша, қазіргі індет негізінен Конго Демократиялық Республикасы мен көршілес Уганданың жекелеген аймақтарында шоғырланғандықтан, АҚШ тұрғындары мен саяхатшылар үшін қауіп деңгейі төмен.
Бұл қазіргі індет кезінде вирус жұқтырған алғашқы америкалық емес. Бұған дейін гуманитарлық ұйым өкілдері Конгода жұмыс істеген америкалық дәрігер Питер Стаффордтың да Эбола жұқтырғанын хабарлаған болатын. Кейін ол Германияға жеткізіліп, ем қабылдап, толық сауығып шыққан.
Сонымен қатар өткен айда Францияда Конго Демократиялық Республикасынан оралған гуманитарлық қызметкерден Эбола вирусы анықталып, бұл елде тіркелген алғашқы жағдай болған.
Еске салайық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола індетін халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялаған.



