Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

АҚШ Иранды алғашқы сағаттарда-ақ жеңген — Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Кентукки штатында өткен шеруде сөйлеген сөзінде америкалық әскердің Иранға қарсы операциясы туралы мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, АҚШ әскері қысқа уақыт ішінде Иранға шешуші соққы берген, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Трамптың сөзінше, әскери операция басталған алғашқы сағаттардың өзінде-ақ АҚШ басымдыққа ие болған.

«Біздің әскер іс жүзінде Иранды жойды. Мықты ел», – деді ол митинг барысында.

АҚШ басшысы сондай-ақ операцияның бірден тоқтатылмайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдай қақтығыстың дереу аяқталатынын білдірмейді.

Сонымен қатар Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали қазіргі шиеленіс жағдайында Тегеран АҚШ-пен келіссөз жүргізу мүмкіндігін қарастырмайтынын айтты.

Осы арада халықаралық ұйымдар да жағдайға қатысты позиция білдірді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ираннан араб елдеріне жасалып жатқан шабуылдарды тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Дегенмен құжатта АҚШ пен Израильдің әрекеттері жөнінде ештеңе айтылмаған.

Бұдан бөлек, Иран билігі елдің жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменейдің өліміне кінәлілерді жауапқа тарту туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы да Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали хабарлаған.

Аймақтағы жағдай басқа оқиғалармен де күрделене түсті. Ирактың оңтүстігінде орналасқан Басра порты маңында мұнай танкерінде қуатты жарылыс болды. Ирак қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, жарылыс бір мезетте екі танкерде тіркелген.

Ал Ливанның денсаулық сақтау министрлігі Израильдің Бейруттағы жағажайға жасаған соққысынан кемінде жеті адамның қаза тауып, тағы 21 адамның жараланғанын хабарлады.

Таяу Шығыстағы шиеленіс осылайша бірқатар жаңа мәлімдемелер мен оқиғалар аясында одан әрі ушығып отыр.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button