
Қазақстанда таксилер мен автобустардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейіп барады. Америка Құрама Штаттарында үш жылдан бері тұрып жатқан жерлесіміз Бота Сейдахметова @seidakhmetova такси жүргізушілік тәжірибесімен бөлісіп, америкалық көлік жүйесі неге қауіпсіз екенін түсіндірді, деп хабарлады qandastar.kz.
35 жастағы Бота жолдасымен 2022 жылдан бері АҚШ-та Шарлотт қаласында тұрады. Ол Uber жүргізушісі ретінде тәжірибесімен бөлісті және Америкадағы және өз еліндегі тасымалдаушыларды бақылау жүйесін салыстырды.
АҚШ-қа көшпес бұрын ол Польшада оқып, жұмыс істеген. Одан кейін елімізде HSBC банкінде күйеуі екеуінің жобасы бойынша жұмысын жалғастырған. Кейін жасыл карта ұтысынан кейін Америкаға біржола көшіп кеткен. Ол жақта сұлулық сферасында жұмыс істейді, көлік сатумен де айналысады. Өзінің блогын жүргізіп отырады.
«Оларда қатаң қабылдау жүйесі бар. Әрбір жүргізуші оқудан өтуі керек: бейнероликті көріп, тест сұрақтарына жауап беру. Сонымен қатар тұрақты түрде background check жүргізіледі – яғни жүргізушінің құқық бұзушылықтары, сотталған-сотталмағаны және жүргізуші куәлігінің мәртебесі тексеріледі. Мысалы, егер жүргізуші жылдамдықты қатты асырса, аккаунтын екі жылға дейін бұғаттап тастауы мүмкін», – деп әңгімеледі ол.
Бірде Бота жылдамдық режимін шамамен екі есеге арттырған. Жол учаскесінде белгіленген шектеу 45 миль болса, ол көлігін 85 миль жылдамдыққа дейін үдеткен.
«Жол бос болды, үйге асығып келе жатып, көлігімдегі әуенге алаңдадым. Алайда дәл осы ауданда полиция жылдамдықты ерекше қадағалайды, әсіресе мектеп маңында», – деп еске алады ол.
«Америкада жүргізушілерге қойылатын талап өте жоғары. Қауіпсіздік белдігін тақпасаң немесе телефонмен сөйлессең, бірден айыппұл салынады. Тәртіпті бұзсаң, жүйеде жазылып қалады. Сондықтан мұндағы жүргізушілер жол ережесін қатаң сақтауға мәжбүр», – дейді ол.
«Жүйе тікелей жұмыс істейді: полиция ереже бұзушылықты тіркейді – ақпарат бірден Uber-ге түседі. Айыппұлдар – бір бөлек, бірақ АҚШ-тағы ең маңызды салдары – жүргізушілік тарихтағы баллдар. Егер балл тым көп жиналса, жүргізуші куәлігінен айырылуың мүмкін. АҚШ-та сақтандырудың өзі қымбат: мысалы, мен айына $170 төлеймін. Ал тарихта баллдар болса, сақтандыру бірнеше есе қымбаттап кетуі мүмкін», – деп түсіндіреді бойжеткен.
Оның ойынша, егер Қазақстанда камералар мен «Сергек» осындай принциппен жұмыс істесе, адамдар бұл жүйені «қақпан» емес, әділ әрі нақты қауіпсіздік құралы ретінде қабылдар еді.
Қыз сондай-ақ Қазақстанға жол ережесін бұзу туралы деректерді такси мен автобус қызметтерімен автоматты түрде біріктіруді, сондай-ақ өрескел ереже бұзған жүргізушілерді бұғаттау жүйесін енгізуге болатынын айтады.
«Иә, жүргізушілер шаршайды, күніне 12-14 сағаттан жұмыс істейді. Бірақ бұл жерде мәдениет мәселесі де бар. Америкада адамдарды бала кезінен-ақ жауапкершілікке және ережелерді құрметтеуге үйретеді. Бағдаршам істемей тұрса да, көліктер бір-бірін өткізіп жібереді. Ал Қазақстанда көбіне асығып, бірінші болып өтейін дейді – осының бәрі апаттарға әкеледі», – дейді ол.