АҚШ аумағында болған күшті қарлы боран салдарынан кемінде 51 адам қаза тапты, деп жазады qandastar.kz.
Бұл туралы NBC News телеарнасы хабарлады.
USA Today басылымының мәліметінше, көз жұмғандардың жасы 17 мен 96 жас аралығында. Қайғылы оқиғалар Канзас, Арканзас, Кентукки, Мичиган, Огайо, Оңтүстік Каролина, Нью-Джерси, Массачусетс, Миссисипи, Пенсильвания, Техас, Луизиана, Теннесси және Нью-Йорк штаттарында тіркелген.
Sky News сарапшыларға сілтеме жасап, қысқы дауылдың салдарынан келген экономикалық шығын көлемі алдын ала 105–115 млрд долларды құрауы мүмкін екенін хабарлады.
Қолайсыз ауа райы ел бойынша 200 миллионнан астам тұрғынды қамтыды. Кейбір өңірлерде қар қалыңдығы 50 сантиметрден асты. Қазіргі уақытта шамамен 500 мың тұтынушы электр қуатынсыз отыр. Өткен демалыс күндерінен бері ауа райының қолайсыздығына байланысты мыңдаған әуе рейсі кейінге қалдырылды немесе тоқтатылды.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі Арктикадан суық ауа ағынының жаңа толқыны жақындап келе жатқанын ескертті. Алдағы демалыс күндері елдің шығыс штаттарында тағы да күшті қысқы дауыл болуы мүмкін.



