Алматылық ата-аналар Tesla Education орталығына қатысты шағымданды, деп жазады qandastar.kz
Олардың айтуынша, орталық шамамен бір жыл бойы алдын ала төленген қаражатты қайтармай отыр, ал сабақтар көптен бері өткізілмеген. Соған қарамастан кейбір ата-аналар Kaspi арқылы рәсімделген бөліп төлеуді (рассрочка) әлі күнге дейін төлеуге мәжбүр.
Ата-аналардың сөзінше, орталықта оқытушылар да жалақы алмауда. Бұл жағдай білім беру мекемесінің қаржылық қиындыққа тап болғанын, тіпті мүмкін банкроттықтан қорқуға негіз бар екенін көрсетеді.
Желі қолданушылары да пікір қалдырып, өздерінің осындай жағдайға тап болғанын жазуда.
«Бізді де Gasyr Foundation мектебі алдады. Біздің санымыз 300-ден асады, әр ата-ана 1 600 000 теңгеден төлеген. Барлық мемлекеттік органдарға жаздық, бірақ нәтиже жоқ. Ақшаны қайтарғылары келмейді. Коллективті түрде азаматтық сотқа да жүгіндік, бірақ әлі нәтиже шықпады», — делінген жазбада.
Қазіргі уақытта ата-аналар жауапты органдардан шара қолдануды, төленген қаражаттың қашан қайтарылатынын анықтауды және балалардың оқуына қатысты жағдайға түсініктеме беруді талап етуде.



