Жаңалықтар
Ақсу ауылы карантинге жабылуы мүмкін
Фото: facebook парақша
Бұл туралы журналист Диас Нұрақын өзінің facebook-парақшасында жазды деп хабарлайды Qandastar.kz.
Шонжыда ірі қарадан Сібір жарасы шығып, адамдарға жұғып жатыр екен. Ауру малды сойып, қолдарын жара басқа екі ауыл тұрғыны ауруханаға түскен. Жағдайлары бір қалыпты. Қазір ауру ошағын анықтау үшін ветеринарлар сиырлардан сынама алып, зертханаға жолдапты. Нәтижесі бүгін-ертең белгілі болады. Егер Сібір жарасы екені анықталса, Ұйғыр ауданындағы Үлкен Ақсу ауылы карантинге жабылады.
Қауіпті індеттің таралуына кім кінәлі? Мал дәрігерлері төрт түлікке дер кезінде вакцина салды ма? Бұл сұрақтардың жауабын жақында білеміз, – деп жазды ол.
Сонымен қатар журналист соғым кезінде ауру малдың еті дүкен сөрелеріне түсуі мүмкін екенін еске салды. Сондықтан арзан етке жүгірмеуге шақырды.
Ал сіздер арзан ет сатамын дегендерге абай болыңыздар! Өйткені соғым сезоны жақындағанда осындай ауру малдың еті сауда сөрелеріне түсіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан базарлардағы ветконтрольдың жұмысын қатаң бақылау керек, – деп жазды Диас Нұрақын.