
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес аясында бірқатар ірі операция жүргізді.
Ведомство мәліметінше, сәуір айынан бері есірткі жеткізудің 9 халықаралық және 2 өңірлік арнасы жойылып, бір фитозертхананың қызметі тоқтатылған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Арнайы операциялар барысында Ақтау қаласының әуежайында денесіне жасырылған жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласын алып өтпек болған шетелдік азамат ұсталды.

Сондай-ақ Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын жеткізген қазақстандық қолға түсті.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары ірі көлемдегі көкнәр сабанын контрабандалық жолмен тасымалдап, оны таратумен және одан есірткі өндірумен айналысты деген күдікке ілінген тұрақты қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
Жүргізілген шаралардың нәтижесінде: – 3,4 кг апиын;
– 9 кг гашиш;
– 11,4 кг синтетикалық есірткі;
– 18,5 кг гашиш майы;
– 26,4 кг марихуана;
– 110 грамм кокаин;
– 20 тонна көкнәр сабаны;
– 150 литрден астам прекурсор тәркіленген.
Аталған қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның 23 азаматы мен 3 шетелдік ұсталды.
Қазіргі уақытта барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.



