
Ақтауда дүкеннің ашылуына орай балаларға тегін балмұздақ пен йогурт үлестірген кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, оқиға әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Белгілі болғандай, 1 тамыз күні 14-шағынаудандағы кәсіпкерлік нысанының ашылуы кезінде келушілерге 50 дана балмұздақ пен 30 дана йогурт тегін таратылған.
Алайда мұндай көпшілік іс-шараны ұйымдастыру үшін алдын ала жергілікті атқарушы органның келісімі қажет болған. Кәсіпкер тиісті рұқсат алмастан акция өткізгендіктен, оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Оқиғадан кейін қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары мен учаскелік полиция қызметкерлері кәсіпкермен кездесіп, заң талаптарын түсіндірді.
Ресми өкіл Заңғар Оразайдың айтуынша, кәсіпкерлердің тұрғындарға тегін өнім тарату сияқты әлеуметтік бастамалары қолдау табады. Дегенмен мұндай акциялар адамдар көп жиналатындықтан, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін оларды заң талаптарына сай ұйымдастырып, алдын ала әкімдіктің рұқсатын алу қажет.



