Ақтау қаласының 4-шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде шыққан өрт кезінде үй мысығы екі баласы бар отбасын аман алып қалды. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт электр жылытқышты пайдалану ережелерінің бұзылуы салдарынан шыққан. Пәтер иесінің айтуынша, оқиға таңғы ерте уақытта, отбасы мүшелерінің барлығы ұйықтап жатқан кезде болған.
Оқиға барысында үй мысығы ерекше қырағылық танытқан. Ол түтіннің иісін бірінші болып сезіп, қатты дыбыс шығара бастаған.
«Мысық сирена секілді айқайлады. Соның арқасында балалар оянып, отты көрді. Біз балалармен төтенше жағдайларда не істеу керектігін үнемі талқылайтынбыз, түрлі сценарийлерді бірге ойнап көретінбіз. Соның нәтижесінде балалар электр есептегішіндегі негізгі ажыратқышты тауып, пәтерді толықтай токтан ажыратты да, мен киініп жатқанда өртті сумен тез сөндіріп үлгерді», – деді пәтер иесі.
Өрт салдарынан адам шығыны болмаған. Дегенмен пәтердегі кейбір мүлік жарамсыз күйге түскен.



