Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
Ақтаудағы ұшақ апаты: Путин Әлиевтен кешірім сұрады
Фото: Pixabay
Әңгіме барысында кесте бойынша ұшатын Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды.
Владимир Путин Ильхам Әлиевке хабарласып, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрады, деп хабарлайды qandastar.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Владимир Путин қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде орын алғаны үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында кесте бойынша ұшатын Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказ қалалары украиналық әскери дрон аппараттардың шабуылына ұшырады, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді», – делінген хабарламада.
Қазіргі кезде Ресейдің тергеу комитеті “жол қозғалысы және әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғағаны хабарланды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынуда.
Қазір Әзірбайжан бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жүр, олар Ресейдің бас прокуратурасы мен тергеу комитетінің өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуде. Ақтаудағы апат орнында Ресей, Әзірбайжан және Қазақстанның тиісті қызметтері тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқаны айтылған.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған. Салдарынан 38 адам қаза тапты, 29 адам тірі қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран әсер еткені туралы жазылды.