Жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге Ресей мен Әзірбайжан мамандары қатысады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Ақтау маңындағы әуе апатына қатысты сот-медициналық сараптамаға ресейлік және әзірбайжандық сарапшыларды араластырмайды. Алайда олар жалпы тергеуге қатысады, деп жазды qandastar.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, Ресей мен Әзірбайжанның құқық қорғау органдарына сот-медициналық сараптама жүргізуге рұқсат етілмейді. Бірақ оларға тергеуге қатысуға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар Ақтауға Embraer компаниясының өкілдері келмек.

«Ұшақ құспен соқтығысты немесе  жарылыс болды деген сынды қорытынды бергенде, тергеу жүргізіледі. Журналистік болжамдар мен зерттеулер кейбір үкіметтік дереккөздерге негізделген. Әзірбайжандық әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Әзірге бізге ешқандай нұсқаны ешкім айтқан жоқ, Ресейден де, Әзірбайжаннан да нақты болжам алған жоқпыз. Сондықтан қандай да бір нұсқаны жоққа шығару мүмкін емес», – деді Бозымбаев.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайына тоқталды.

«Таңертең Ресейдің 9 азаматы әрі қарай ем алу үшін санитарлық авиациямен Мәскеуге эвакуацияланды. Сондай-ақ кешке 14 Әзірбайжан азаматы да өз еліне эвакуацияланды. Қазіргі уақытта бізде 6 науқас емделіп жатыр: үш Әзірбайжан және үш Қырғызстан азаматы. 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр, бір науқастың жағдайы өте ауыр. Ем жалғасады», – деді ол.

Көлік министрлігі көліктегі оқыс оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеу департаментінің мамандары бар арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр.

Маңғыстау облысының көлік прокуроры Абылайбек Ордабаевтың айтуынша, ұшақ құлаған жерден тағы бір қара жәшік табылған.

«Екі рейстіркегіш табылды, олар әуе оқиғаларын тергеу департаментіне тапсырылады және кейіннен тексеріледі», – деді ол.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close