Жаңалықтар

Актер Елдос Шайкенов: «Бала кезде циркке бару үшін самаурынды сатып жібергем»

Белгілі актер Елдос Шайкенов балалық шағындағы қызық әрі ұят оқиғасын есіне алып, анасына кешірімін жеткізді, деп хабарлайды qandastar.kz. Ол бұл туралы «КЕШREC» бағдарламасында айтты.

Актердің айтуынша, бала кезінде ауылға келген циркті көру үшін барын салған.
«Ауылға цирк келді. Барғымыз келді, бірақ ақша жетпеді. Мәди деген досыммен бірге бармақ болдық. Ақша аз еді, сондықтан амалсыз үйдегі самаурынды өткізіп жібердім. 150 теңге шамасында алдым», — деп күлді ол.

Шайкенов сол кезде досымен бірге цехтан мыс ұрлап, бөтелке жинап көргенін де жасырмады. Бірақ бәрібір жетпей, ақыры үйдегі самаурынды металл қабылдайтын жерге тапсырған.
«Үйдегілер самаурынды іздеп әбігерге түсті. Кейін бәрі әшкереленді, самаурынды қайта әкелдік», — дейді актер.

Бағдарлама барысында Елдос бұл әрекеті үшін анасынан шын ниетпен кешірім сұрады.
«Қазір есейгенде ойласам, ұят нәрсе екен. Анамнан кешірім сұраймын», — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін айтыскер Жандарбек Бұлғақов та балалық шағында ұрлық жасап, соның салдарынан әкесінен таяқ жегенін еске алған болатын. Оның айтуынша, мұндай сәттер әр баланың өмірінде кездеседі, ал ата-ананың дұрыс бағыт көрсетуі ең маңыздысы.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button