Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Актив Ломбард» ісі: 19 млрд теңгелік көлеңкелі микрокредит схемасы әшкереленді

Қазақстанда қаржы саласындағы ең ірі әшкерелеулердің бірі аяқталды.

Қаржылық мониторинг агенттігі «Актив Ломбард» желісімен байланысты заңсыз кәсіпкерлік, жасырын микрокредит беру және қылмыстық кірістерді заңдастыру деректері бойынша Койнов пен өзге де тұлғаларға қатысты тергеуді тәмамдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тергеу материалдарына сәйкес, «комиссиялық дүкен» ретінде бүркемеленген ломбардтар желісі арқылы жасырын микрокредит беру жүйесі құрылған. Бұл схеманың ұйымдастырушысы ретінде «Актив Ломбард» иесі Койнов көрсетіледі. Ол комиссиялық қызметті пайдаланып, жеке тұлғаларға жоғары пайызбен заңсыз несие беру схемасын іске асырған деген күдікке ілінді.

Заңды сипат беру үшін бірнеше компаниядан тұратын жасырын корпоративтік құрылым қалыптастырылған. «One Billion Sales», «The Best Seller», «Shark in Sales» секілді ұйымдар «Актив Маркет» брендімен жұмыс істеп, іс жүзінде мүлікті кепілге алып, жоғары пайызбен микрокредит беруге пайдаланылған. Бұл бөлімшелер «Актив Ломбард» филиалдарымен бір ғимаратта орналасып, клиенттерге бірдей персонал қызмет көрсеткен.

Комиссиялық шарттар формалды әрі жалған сипатта болған. Сыйақы мөлшерлемесі тәулігіне 1,73–2,07%-ға дейін жетіп, заңда белгіленген 0,3%-дан бірнеше есе жоғары болған. Соның салдарынан азаматтардың құқықтары жаппай бұзылған.

Ресми мәліметке сәйкес, 1,9 млн-нан астам шарт жасалып, қылмыстық кіріс көлемі 19 млрд теңгеден асқан. Қаражаттың шығу көзін жасыру үшін көпсатылы заңдастыру схемасы қолданылып, жалған келісімшарттар мен көп мәртелік банктік аударымдар арқылы ақша дивиденд түрінде шығарылған. Осы тәсілмен 5 млрд теңгеден астам қаражат заңдастырылған.

Сонымен бірге, «Zeus Co» ЖШС арқылы бағдарламалық қамтамасыз ету қызметтері сылтау етіліп, құны асыра көрсетілген шарттар жасалған. Нәтижесінде компания шотына 2,5 млрд теңге түсіп, оның 2,2 млрд теңгесі дивиденд ретінде Койновқа аударылған.

Сот санкциясымен жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Олардың қатарында елордадағы пәтерлер мен тұрғын үйлер, БАӘ-дегі апартаменттер, люкс санаттағы автокөліктер, зергерлік бұйымдар және депозиттік шоттардағы 2,7 млрд теңге бар.

Қазіргі таңда Койнов қамауға алынды. Ал оның төрт сыбайласына елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button