Әлеумет және қоғам

Ақтөбе – Хромтау бағытында жолаушылар далада қалдырылды

Рейстік автобус жүргізушісі жолаушыларды, оның ішінде балаларды, соңғы аялдамаға жеткізбей жолда түсіріп кеткен. Компания бұл әрекетті ереже бұзу деп танып, жүргізушіге тәртіптік шара қолданылатынын мәлімдеді.

Ақтөбе – Хромтау бағытында жүретін автобус жүргізушісі жолаушыларды белгіленген соңғы аялдамаға жеткізбей, жолдың ортасында түсіріп кеткен. Бұл туралы жолаушылардың бірі шағымданған.

Оқиға 17 наурыз күні болған. Жолаушының айтуынша, жүргізуші Хромтауға шамамен бес шақырым қалғанда автобустағы барлық адамды, оның ішінде балаларды да, айдалада қалдырып кеткен. Кейін ол тұманды ауа райын себеп етіп, қайтадан Ақтөбеге бағыт алған.

Жағдайға байланысты тасымалдаушы компания өкілдері түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, жүргізуші бұл шешімді өз бетінше қабылдаған және мұндай әрекет тасымалдау ережелеріне қайшы келеді.

Компания өкілі Асқар Сабантаевтың айтуынша, қолайсыз ауа райы кезінде қозғалысқа уақытша шектеулер қойылуы мүмкін. Дегенмен, жолаушыларды, әсіресе балаларды, елді мекенге жеткізбей жолда қалдыру – қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу.

Қазіргі уақытта жүргізушіге қатысты тәртіптік шаралар қолданылмақ. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін барлық жүргізушілерге қосымша нұсқаулық беріліп, қауіпсіздік талаптарын сақтау қатаң ескертілді.

АҚПАРАТ STAN.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button