Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысы мектепте босанып қалды: күдікті — өгей атасы

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 9-сынып оқушысы мектеп қабырғасында босанды. Бұл жайт өңір жұртшылығын дүр сілкіндірді, деп хабарлады qandastar.kz.

Білім басқармасының мәліметінше, 14 жастағы жасөспірім қыз 13 қазан күні толғатып, оқу орнының ішінде сәбиін дүниеге әкелген. Ең сорақысы — оның жүкті екенін мұғалімдер де, дәрігерлер де білмеген.

«Оқушы жыл басынан бері бірнеше рет медициналық тексеруден өткен. 13–18 наурызда аудандық ауруханада, 28 мамырда жазғы лагерьге тіркелу кезінде және 10 қыркүйекте ата-анасымен бірге жоспарлы тексерісте болды. Бірақ ешбір жағдайда жүктілік белгілері байқалмаған», – деп хабарлады Ақтөбе облысының білім басқармасы.

Қазіргі таңда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.

«Полиция қылмысқа қатысты барлық мән-жай мен себептерді анықтауда. Тергеу барысын департамент басшылығы жеке бақылауға алды», – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, кәмелетке толмаған қыздың өгей атасы, яғни әжесінің күйеуі күдікті ретінде ұсталған.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбай отыр.

Back to top button