Ақтөбе облысында жолаушылар автобусының қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жол апаты 7 желтоқсан күні сағат 08:40 шамасында республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының 1024-шақырымында болды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі «Самара–Шымкент» автожолымен Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысына қарай келе жатып, Әйтекеби ауданына қарасты Ұлғайсын ауылының маңында көлік құралының қозғалыс бағыты бойынша оң жаққа аударылуына жол берген», — делінген мәлімдемеде.
Автобус салонында Пермь-Ташкент бағытында жол жүрген Өзбекстанның 49 азаматы болған.
Жол апаты салдарынан 5 жолаушы оқиға орнында көз жұмды, 11 жолаушы әртүрлі дене жарақатымен Әйтеке би аудандық ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының себебі анықталуда.


