Әлеумет және қоғам
Ақтөбеде екі баласын өлтірді деп айыпталған бала күтімі демалысындағы мұғалімнің соты басталды

Фото: Орда.кз
Ақтөбеде жас келіншек 11 айлық және 3 жастағы балаларын тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінді. Әйел қайғылы оқиғаға дейін де балаларын бірнеше рет өлтіруге оқталған. Қазір 29 жастағы келіншек Талғардағы психикалық емдеу орталығында жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қос бүлдіршіннің өліміне қатысты іс басталды. Сотта алдын ала тыңдау өтті.
Іс бойынша 29 жастағы күдікті өзінің қасақана іс-әрекетімен ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігінде («Адам өлтіру») көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталды.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 23 наурыз айында болды. 11 айлық қызын және 3 жастағы ұлын тұншықтырып өлтіргенін әйелдің өзі айтып берген. Күдікті факт болғанға дейін Атырау облысының Сағыз ауылында тұрған.
Сотқа жәбірленуші ретінде әйелдің күйеуі, балалардың әкесі келді. Айтуынша, 4 жыл бірге тұрған, қазір де заңды некеде.
«Бұған дейін де осындай оқиға болды. Оны әйелімнің өзі айтты. 11 наурыз күні сағат кешкі 17:00 шамасында ұйықтап жаттым. Ол маған «қызды тұншықтырып тастадым» деді. Балалар ойнап жүрді. Сенген жоқпын, мән бермедім. Кейін сыртқа шығып кетіп, ойландым, қорықтым, қайтып келдім. Қыздың бір жақ бетінде кішкене дақтар қаптап кеткен. Әйелім: «таяуда өледі» деді. Кейін ата-анасына хабар бердім. Әрекет болсын деп полиция қызметкерлерін шақырдым. 10 күн аралығында әйелімді әкесі Ақтөбеге өз үйіне алып кетті. Балаларды жібергенде қорқыныш болмады, сендім. Оқиға болған кезде інісі мен келіні үйде, басқа бөлмеде болған. Мен болмадым ол жерде. Телефон арқылы естідім. 23 наурыз күні түсте болған. Әкесіне хабарласып, өзі айтқан. Мен өзім вахтада жұмыс істеймін. Оған екінші дәрежелі психоз диагнозы қойылған. Ол екі баланың күтімімен үйде отырды. Мұғалім болып жұмыс істеген», — деді жолдасы Жеңісбек Әділханов.
Сотталушы 1996 жылы Байғанин ауданында туған. Білімі жоғары. Соңғы жылдары бала күтімімен үйде отырған. Оған дейін Атырау облысындағы мектептердің бірінде бастауыш сыныптарға сабақ берген. Мұғалім ретінде қызмет атқарған.
Мемлекеттік айыпталушы күдіктіге қатысты айыптау мәнін баяндады.
«2025 жылдың 13 наурызы күні Д.Б. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында тұратын қызының жүйке жүйесінің бұзылып жүргенін біледі. Қызын өзімен бірге Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласына әкеледі. 23 наурыз күні сағат 13:00 шамасында 2022 жылы қаңтарда туған ұлын, 9 сәуір 2024 жылы туған қызын өз қолымен тұншықтырып, яғни 2 немесе одан да көп адамға, оның үстіне дәрменсіз жас балаларын қасақана өлтірген. Сәбилердің мәйітіне тағайындалған сот-медициналық қорытындысына сәйкес оның өлімі механикалық асфексия. Тыныс алу жолдарының, мұрнының, ауызының жабылуы, яғни жұмсақ затпен басудан болған. Тыныс алу жолдарына қан құйылған», — деді прокурор Елдар Әбиев.
Судья күдіктінің психикалық ауруы және оның осындай жағдайға жеткені туралы басты сот талқылауында анықталатынын айтты. Яғни айыпталушының кінәсін, есі дұрыс, не дұрыс емес екеніне қатысты сотта шешімі қабылданады.
«Бұл кісі қазір өзінің денсаулық жағдайына байланысты әрекетке қабілетсіз деп танылған жоқ. Дегенмен сот-медициналық зерттеулер, сараптама негізінде әрекетке қабілетсіз деп танылып тұр», — деді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Басты сот талқылауы 10 маусымға тағайындалды.