Ақтөбе қаласының №2 соты мейрамхана ішіндегі әйелдер дәретханасында жасалған шабуыл бойынша азамат С.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп жазады qandastar.kz aktobe_times инстаграм парақшасына сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, С. мас күйінде кафе ішіндегі әйелдер дәретханасына кіріп, кабиналардың есіктерін бірінен соң бірін ашуға тырысқан. Сол сәтте ішінде отырған жәбірленуші Б. есікті ұстап, «Бос емес» деп ескерткен. Алайда ер адам қолындағы металл шанышқымен құлып механизмін сыртынан бұрап, есікті ашып кірген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, С. кірген соң шанышқыны жәбірленушінің мойын тұсына тақап, қорқытып, еркінен тыс әрекет етуге мәжбүрлемек болған. Әйел айқайлап, көмек шақырған кезде кафе келушілері шуға назар аударып, ер адамды сыртқа сүйреп шығарған. Осылайша айыпталушы әрекетін соңына дейін жеткізе алмаған.
Оқиға нәтижесінде жәбірленуші Б.-ға жеңіл дәрежелі дене жарақаты келген.
Сотта С. өз кінәсін толық мойындады. Ол 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.



