Жаңалықтар

Ақтөбеде есінен танып қалған жас мұғалім психиатриялық ауруханадан бір-ақ шықты

Фото: HALYQLINE.KZ

Ақтөбе облысында есінен танып құлаған 28 жастағы мұғалім психиатриялық ауруханаға еріксіз жатқызылғанын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz.

Ақнұр Шәкір есімді педагог бес ай бұрын ана атанған. Жеті жыл некеден кейін ЭКО әдісімен көптен күткен сәбиін дүниеге әкелген. Айтуынша, бірнеше ұйқысыз түннен кейін өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған.

Күйеуі ауылдық медбикені шақырған соң әйел Алға аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оны Ақтөбедегі медициналық орталыққа тексеріске жібереді. Алайда Ақнұрдың сөзінше, оны алдап, психиатриялық ауруханаға жатқызған.

«Мен түні бойы ұйықтаған жоқпын. Жанымда шын науқастар болды. Барлық анализді тапсырсам да, мені күштеп дәрі ішкізді», – дейді Ақнұр Шәкір.

Жас ананың ата-анасы қызының неліктен психиатриялық диспансерге түскенін түсінбей, емханаға шағымданған. Дәрігерлер мұны босанғаннан кейінгі депрессиямен түсіндірген.

«Аурухана баланы да тартып алып, балалар үйіне өткіземіз деп қорқытты», – дейді мұғалімнің анасы Гүлден Жәутімова.

Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығының өкілдері бұл жағдайға байланысты пікір білдірді.

Гүлмира Оразованың айтуынша, жас ананы жатқызу Алға аудандық ауруханасының шешімімен жүзеге асқан, себебі дәрігерлер «алаңдаушылық тудыратын белгілер» байқаған.

«Диагноз дәрігерлік құпия болып саналады. Бірақ пациентті негізсіз жібермегеніміз анық», – деді ол.

Қазіргі таңда Ақнұр ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Ол психиатриялық диспансерден күйеуінің қолхаты арқылы босатылған.

Жас мұғалім енді бұл жағдай оның жұмыс орнында қиындық туғызуы мүмкін деп алаңдайды.

Back to top button