Ақтөбе қаласында тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімовке қатысты сот процесі өтіп жатыр. Ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана заңсыз таратты деген күдікке ілінді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы zorknews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, Жандос Әлімов қызмет бабын асыра пайдаланып, тұрғын үй комиссиясының құрамынан заң қызметінің өкілін шығарып, комиссия мүшелерінің шешіміне ықпал еткен. Соның нәтижесінде кезекте тұрмаған азаматтарға уақытша тұрғын үй беріліп, кейін олар жатақханалардағы бөлмелерін абаттандырылған пәтерлерге ауыстырып, тегін жекешелендіріп алған.
Іс материалдарында барлығы 15 эпизод тіркелген. Мемлекетке келтірілген шығын 48 миллион теңгеден асады. Заңсыз баспана алғандардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, бөлім қызметкерлерінің туыстары және Әлімовтің өзі де бар. Мәселен, пәтер алған әйелдердің бірі жекешелендірген соң баспананы 9,5 миллион теңгеге сатып жіберген.
Айыпталушылар арасында бөлім инспекторларының туыстары да кездеседі. Сол сияқты тергеу дерегіне сәйкес, экс-басшының жұбайы да осы схема арқылы тұрғын үйге қол жеткізген.
Жандос Әлімовке «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылып отыр. Алайда ол өз кінәсін мойындамайды.



