
Фото: Диапазон
Ақтөбеде маркетплейстің тауар тарату пунктінде жұмыс істеген екі менеджер мен олардың танысы ірі көлемдегі ұрлық үшін сотталды. Бұл туралы qandastar.kz хабарлайды.
«Диапазон» жазғандай, тергеу мәліметінше 46 жастағы Ботагөз У. жұмыс барысында «WB Point» бағдарламасындағы ақауды байқап, оның көмегімен тауарды ақысыз алуға болатынын анықтаған. Ол бұл тәсілді әріптесі Сергей К. мен танысына айтып, кейін үшеуі тұрақты түрде тауарларды заңсыз иемденіп отырған.
Кінәлілер тұрмыстық химия, киім-кешек, аяқ киім, ыдыс-аяқ, электроника, құрылыс құралдары, тіпті интимдік заттарға дейін әртүрлі тауарды тегін алып отырған. Ұрлық 2024 жылдың тамызынан қарашасына дейін жалғасқан. Зиян көлемі 29 млн 295 мың теңгені құрады.
Сот үкімі бойынша Ботагөз У. мен Сергей К. – 4 жылға орташа қауіпсіздік колониясына қамалды (амнистия есебінен жаза 1 жылға қысқартылды); үшінші айыпталушы – 3 жыл 4 айға сотталды, бірақ ол жүктілігіне байланысты жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырды.
Wildberries өкілі барлық шығын жеткізушілерге өтелгенін, бірақ көптеген тауар штрих-кодсыз немесе пайдаланылған күйінде қайтарылғанын мәлімдеді.