Жаңалықтар

Ақтөбелік әйел әскери госпитальдағы әділетсіздікке шағымданды

Фото: Светлана Тукешованың жеке дерегі

Ақтөбеде әскери госпитальда қызмет еткен 52 жастағы Светлана Тукешова өзін әділетсіздікпен жұмыстан шығарғанын айтып отыр. Үш баланың жалғыз асыраушысы, 25 жыл әскери қызметте болып зейнетке шыққан әйел Stan.kz тілшісіне жағдайды баяндап берген, деп хабарлайды qandastar.kz.

Светлананың айтуынша, әскери госпитальға 2018 жылы материалдық-техникалық жүргізуші қызметіне қабылданған. Алғашқы жылдары еш қиындық болмағанымен, соңғы айларда бөлім басшысы тарапынан қысым күшейген. Жаңадан келген әріптесін қорлаған сәтте оны қорғап, әскери полицияға куәгер болғаны үшін жұмыстан босатылғанын жеткізді.

Әскери полиция тиісті офицерге 78 мың теңге айыппұл салғанымен, мәселе шешілмей керісінше шиеленісе түскен. Светланаға сөгіс беріліп, артынша “қызметтік міндетін орындамады” деген себеппен жұмыстан шығарылған.

“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін қызметімнен айырылдым. Әділдіктің орнағанын қалаймын”, – дейді ол.

Ал әскери госпиталь басшылығы Светлананың жұмыстан кетуін тек “қызметтік міндеттерін орындамағанымен” байланыстырды. “Қысым немесе дөрекілік жоқ, бәрі әскери тәртіпке сай”, – деп жауап берді мекеме.

Back to top button