ДенсаулықЖаңалықтар

Ақтөбелік әйел дәрігерлер қателігінен ауыр дертке душар болды

фото: видеодан скриндеп алынды

Ақтөбелік Альбина Итеғұлова көптен күткен егіз сәбиін дүниеге әкелген. Алайда бұл қуанышы ұзаққа бармады. Босанудан кейін асқынулар пайда болып, оған «қуық-жатыр фистуласы» деген ауыр диагноз қойылды, деп хабарлайды qandastar.kz

Ол бұл туралы өзінің инстаграм парақшасында бөлісті.

«Менің өмірім “бұрын” және “кейін” болып екіге бөлінді», – дейді Альбина Итеғұлова.

18 тамыз күні ол егіз баласын кесар тілігі арқылы босанған. Алайда операциядан кейін жағдайы күрт нашарлап кеткенін айтады.

«Үшінші күні қызуым көтерілді, дәрігерлер оны лактостазбен байланыстырды. Бесінші күні өзімде бір ақау барын сезіп, қайта-қайта айтуға тура келді. Сол кезде ғана мені УЗИ-ға жіберді, тіккен жерімнің жанынан ақау анықталды», – дейді ол.

Кейін консилиум өтіп, науқасқа цистоскопия мен гистероскопия жасалған. Диагноз – қуық пен жатырдың өзара жалғасып кетуі.

«Енді екі орган бір-бірін зәр мен қанды араластырып, бірге жұмыс істеп тұр», – деп түсіндірді Итеғұлова.

Айтуынша, дәрігерлер ол кезде толыққанды көмек көрсете алмай, кейін онкология бөліміне жолдаған. Урологтар уростома қоюдан бас тартып, қосымша операция қажет екенін жеткізген.

Альбина Итеғұлова мұның бәрін дәрігерлік қателік деп санайды.

«Консилиум кезінде клиника меңгерушісі “қателеспейтін адам болмайды, жұмыс істеген адам ғана қателеседі” деді. Бірақ мен тірі адаммын. Өздерінің қыздары немесе балаларының басына осындай жағдай түссе, қалай әрекет етер еді?» – дейді.

Айтуынша, бұл операция Кореяда ғана жасалады. Оның бастапқы құны  60 мың доллар (32 697 000 теңге), оңалту шараларын қосқанда 40 миллион теңге қажет.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button