41 жастағы жұмыссыз ер адамға қатысты қылмыстық іс сотта қаралды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Диапазонға сілтеме жасап.
Айыптау мәліметінше, күдікті көршісінің үйінен таңертең мас күйінде келген әйелін қызғанған.
Айыпталушы әйелінің бетінен бір ұрған. Келіншек күйеуін қорқыту үшін ас үй пышағын алған, алайда ер адам суық қаруды қолынан жұлып алып, асқазанына сұққан.
Әйел ауруханаға жатқызылды.
Сотта айыпталушы оқиғаның қалай болғанын түсіндірді.
Айтуынша, сол күні әйелімен бірге ішімдік ішкен. Келіншек түнде үйден шығып, келесі күні таңертең тек халатпен оралған. Кейін көршісі оның қалған киімдері мен кілтін алып келіп, ұмытып кеткенін айтқан.
Сондай-ақ сотта ерлі-зайыптының көршісінен де жауап алынды.
Ол әйелмен бірге ішімдік ішкенін, кейін ол үйіне кеткенін мәлімдеген.
Сотта ер адам әйелінен кешірім сұрады.
Оның бұрын да бірнеше рет сотты болғаны анықталды.
Сот үкімімен ер адам 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.


