Танымал режиссер Ақан Сатаевтың бірінші әйелінің шу шығарған сұхбатынан соң, оның екінші әйелі, актриса Альмира Тұрсын әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке жазба арнады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Өнер иесі жұртшылықты өзгенің жеке өміріне араласпауға, асығыс пікір айтпауға шақырды. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде біреудің тағдырына қатысты түрлі жорамал мен жағымсыз пікірлер көбейіп кеткен.
Альмира Тұрсын адамның ішкі жан дүниесі — құпия әлем екенін, ал әр адамның өмір жолы көпшілік алдында талқыланатын нысан болмауы тиіс екенін атап өтті. Актриса біреудің қандай сынақтан өтіп жатқанын, қандай шешім қабылдағанын сырттай бағалау әділетсіз екенін айтты.
«Әркімнің өз жолы, өз қателігі мен өз жеңісі бар. Көргеннің бәріне пікір білдіру міндет емес, түсінбегеннің бәрін түсіндіру де шарт емес. Адамдарға өз өмірін өзі сүруге мүмкіндік берейік», — деп жазды ол.
Сөз соңында Альмира Тұрсын баршаға тыныштық, мейірім, махаббат пен бақыт тіледі.



